Ағымдағы жылдың 26-28 қыркүйегі күні Арменияда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған ұлттық музыка бойынша «Tshakhruk» 5-ші Халықаралық инклюзивті фестиваль өтті. Биыл шығармашылық пен шабыттың жарқын нышанына айналған бұл іс-шараға Арменияның әртүрлі өңірлерінен 300-ден астам қатысушы, сондай-ақ Қазақстан мен Сириядан келген қонақтар жиналды.
Үшінші жыл қатарынан фестиваль сахнасында Абай облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының «Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ –нің дарынды қызметалушылары өнер көрсетті. Биылғы жылы Қазақстан Республикасы атынан Бағылан Манабаев жүрекке жететін «Соңғы би» қойылымымен, сондай-ақ Нұржан Сыдықов пен Еркеназ Жұмабек «Бақыт деген» әнін жанды дауыста әсерлі орындап шықты. Жастардың өнері көрермендердің ыстық ықыласы мен ұзақ қол шапалағына ие болды.
Қазақстандықтардың бұл ауқымды өнер мен мейірім мерекесіне қатысуы Абай облысы әкімдігінің қолдауы және «Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ –нің директоры С.Селиханова, директордың әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Д.Абраимова және музыка пәнінің мұғалімі Ж.Исжанованың еңбегінің арқасында мүмкін болды.
Анықтама үшін: «Tshakhruk» фестивалінің 2021 жылы Анна, Ануш және Анаит Мхитарян апалы-сіңлілерінің бастамасымен негізі қаланды. Содан бері ол жыл сайын Арменияның әртүрлі аймақтарында өткізіліп келеді. Фестиваль ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастарға өздерінің шығармашылық әлеуетін ашып, сахнада нағыз жұлдыздай сезінуге мүмкіндік беретін бірегей алаңға айналды. Биылғы бағдарлама аясында «Жанның азаттық өнері: өзін-өзі танудан адамдық қамқорлыққа дейін» атты конференциясы, «Жанның өзін-өзі білдіруінің шексіз кеңістігі ретіндегі арт-терапия» шеберлік сабағы ұйымдастырылып, сол конференцияда орталықтың директоры С.Селиханова баяндама жасады және арнайы павильондарда қатысушылардың шығармашылық жұмыстары ұсынылды.