Наурыз – көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мерекесіне айналған. Дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы күні – Әз Наурыз мейрамы «Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де жылдағы үрдіс бойынша биыл да жоғары деңгейде аталып өтті.
Жыл сайын ерекше ұйымдастырумен өтетін «Төрлет, Наурыз төріме!» мерекесі мамандардың орындауындағы театрландырылған көрінісімен шымылдығы ашылды. Мерекелік шараға Қыдыр ата келіп, жиналған барша жұртқа ақ батасын берді.
Орталық маманы Махмудова Сабинаның орындауындағы «Наурыз думан» әнімен шашу шашылды. Мамандар халық әндерінен Папури шырқап, көрермендердің көңілін көтерді.
Орталығымыздың қызмет алушылары Искакова Айжан «Наурыз тойы», Аймухамет Азамат «Тұлпарым» әнін ерекше көрініспен орындап шықты. Орталығымыздың түлектері, өнерлі өрендеріміз, мақтаныштарымыз Кабирова Ажар мен Касенова Ақниет қыздарымыз «Туған Ел» әнін орындады.
Мерекелік кешіміз орталық маманы Жұмай Сырымның «Жақсы көремін» әнімен жалғасты. «Жас өркен» тобының қызмет алушылары «Наурыз» әнін шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Іс-шарада ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлер, айтыс өнері, ұлттық ойындар насихатталды. Аталған іс-шара соңы «Қара жорға» биімен аяқталды.
Үржар ауданы әкімінің орынбасары Сеилгазин Ермек Нұрланұлы және "AMANAT" партиясы Үржар аудандық филиалының төрағасы Бейсенов Елдос Жабайылұлы келіп, ізгі тілектерін білдірді.