Мейірім бар жерде – жүрек жылуы, қолдау бар жерде – үміт пен сенім бар!
Қазақстанда Мүгедектігі бар адамдар күні жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтіледі. Осыған орай «Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де «Мейірімділік – ізгіліктің бастауы» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Ізгілік пен адамгершілікті ту еткен мерекелік кештің басты мақсаты – әрбір баланың бойындағы өнері мен талантын дәріптеу, олардың өмірге деген құштарлығын арттыру, қоғамда мейірімділік, жанашырлық пен өзара қолдау құндылықтарын кеңінен насихаттау.
Концерт барысында орталықтың қызмет алушылары мен түлектері ән шырқап, биші балалар әсем билерімен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Бақыт деген», «Қызыл раушан», «Тұлпарым», «Ертегілер» әндері мен заманауи билер кештің сәнін келтіріп, көрермендердің жүрегіне жылулық ұялатты.
Әрбір баланың сахнаға шығып, өз өнерін көрсетуі – үлкен қуаныш пен мақтаныш. Өйткені әр баланың жүрегінде арман бар, бойында қабілет бар, ал сол арманға қанат бітіру – баршамызға ортақ міндет.
Мейірімділік – сөзбен емес, іспен дәлелденетін қасиет. Әрбір бала өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, құрметке бөленіп, қолдау мен қамқорлықты сезінуге лайық.
Бүгінгі кеш бізге бір маңызды ойды тағы да ұқтырды: шынайы бақыт – бір-бірімізді түсінуде, қолдауда және жүрек жылуын бөлісуде.
Балаларымыздың жүзінен күлкі, жүрегінен үміт, өмірінен қуаныш үзілмесін! Әрдайым мейірім мен ізгілікке толы ортада бірге болайық!