«Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай «Мейірімділік – асыл қасиет» атты салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ерекше мерекелік көңіл күйде өтті. Орталық директоры Селиханова Салтанат Қаймолдақызының бастамасымен ұйымдастырылған іс-шара қызыл кілем үстінде «Оскар» үлгісінде «Мейірім жұлдызы – 2026» марапаттау рәсімімен басталды.
Іс-шараның басты мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін балаларға мейірім мен қамқорлық көрсетіп, олардың өмір сапасын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлердің еңбегін бағалау, кәсіби жетістіктерін дәріптеу және ұжымның бірлігін нығайту.
Мерекелік іс-шараға Үржар ауданының әкімі Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы арнайы келіп, әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде әлеуметтік қызметкерлердің қоғамдағы маңызды рөлін атап өтіп, орталықта ұзақ жылдар бойы қызмет еткен еңбек нұсқаушысы Турдахунов Ерлан Сабырұлын «Абырой» медалімен марапаттады және бірқатар қызметкерлерге аудан әкімінің Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыстады.
Сонымен қатар, орталық директоры тарапынан «Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы» ММ-нің Алғыс хаттары үздік қызметкерлерге табысталып, олардың адал еңбегі мен кәсіби жауапкершілігіне құрмет көрсетілді.
Салтанатты кеште орталықтың әр салада еңбек етіп жүрген 15 қызметкері арнайы аталымдар бойынша «Бала жүрегінің шамшырағы», «Дамуға жол ашқан ұстаз», «Шебер қолдар – жарқын болашақ», «Денсаулық сақшысы», «Ақ халатты абзал жан», «Қозғалысқа қанат бітірген жан», «Путь к надежде», «Дәм мен мейірім шебері», «Орталықтың береке қорғаны», «Сенімді жол серігі», «Тазалық пен жайлылық шебері», «Мінсіз тазалық шебері», «Заботливые руки – доброе сердце», «Еңбек дәстүрінің сақшысы», «Орталықтың алтын жүрегі» атты түрлі номинацияларды иеленді. Бұл номинациялар қызметкерлердің әрқайсысының ерен еңбегі мен жауапкершілігін айқындады. Педагог мамандар, медицина қызметкерлері, тәрбиешілер, еңбек нұсқаушылары, техникалық және әкімшілік қызметкерлердің еңбектері ерекше аталып өтілді.
Мерекелік іс-шара «Ретро кеш» атты көңілді бағдарламаға ұласты. Кештің мақсаты – ұжым мүшелеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлап, әріптестер арасындағы сыйластық пен бірлікті нығайту, өткен жылдардың ұмытылмас әуендері арқылы жарқын естеліктерді жаңғырту болды.
Ретро кеш барысында орталық қызметкерлері өздерінің шығармашылық қабілеттерін ортаға салып, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Педагог мамандарының орындауындағы «80-жылдар» әні және «Служебный роман» фильмі өткен дәуірдің сәні мен әуенін қайта жаңғыртса, әкімшілік ұжымының «Тақиялы періште» фильмінен сахналық көрінісі көрермендерге тамаша көңіл күй сыйлады.
Асхана қызметкерлері музыкалық поппури ұсынып, медицина қызметкерлері «Мадам Брошкина», «Розовый вечер» әндерімен және өзге де музыкалық нөмірлерімен кештің көркін қыздырды. Ал кіші қызметкерлердің «Сұлу қыз» және «Той жыры» әндеріне арналған әзілге толы пародиялары көрермендердің көңілінен шықты.
Кеш барысында әріптестер бір сәтке күнделікті жұмыстың қарбаласын ұмытып, ән мен бидің, әзіл мен естеліктің ерекше атмосферасына бөленді. Әрбір өнер көрсетілім ұжым мүшелерінің тек кәсіби маман ғана емес, шығармашылыққа да бейім, өнерлі жандар екенін көрсетті.
Сондай-ақ мерекелік іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан музыка маманы Жадыра Мубаракқызы, мәдени ұйымдастырушы Асем Мауытханқызы, жас маман Мөлдір Ақылбекқызына және өнер көрсеткен барлық қатысушыларға ризашылығымызды білдіреміз.