1 мамыр – еліміздегі бірлік пен татулықтың, ынтымақ пен достықтың айқын көрінісі болып табылатын ерекше мереке. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде мерекелік шаралар ұйымдастырылып, концерттер, көрмелер, ұлттық тағамдар жәрмеңкелері өткізіледі. Әр ұлт өз мәдениетін таныстырып, бір-бірімен тәжірибе алмасады. Бұл – халықтар арасындағы достықты нығайтудың жарқын үлгісі. Осы атаулы күнге орай «Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де «Бірлік- береке бастауы» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – әртүрлі ұлт өкілдерінің мәдениетін насихаттау, өзара сыйластық пен достықты нығайту, жас ұрпаққа патриоттық рухты сіңіру болды. Мерекелік кешке қатысушы топтар әр ұлттың киімдерін киіп, әр халықтың салт-дәстүрлері мен өнерін паш етті. Бағдарлама барысында қазақ, орыс, өзбек, және басқа да ұлттардың әндері шырқалып, билерін билеп, қойлым көрсетті. Әсіресе, концерттік бағдарлама аясында орындалған әсем әндер мен ұлттық билерден тұратын музыкалық номерлер мерекенің ажарын аша түсті. Бұл өнер көрсетілімдері халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністіктің жарқын көрінісіне айналды. Орталығымыздың өнерлі қызмет алушылары тақырыпқа байланысты әндерін шырқады.
Іс-шара соңында Орталық директорының орынбасары Қасымов Ардақ Турсынтаевич қатысушыларды Бірлік күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Еліміздің басты байлығы – халықтар арасындағы татулық пен келісім екенін ерекше атап өтті.
Мерекелік кеш көтеріңкі көңіл-күйде өтіп, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Мұндай шаралар қоғамдағы достық пен бірлікті нығайтуға үлкен үлес қосары сөзсіз.
1 мамыр – Халықтар достығы күні әрқашан еліміздің бірлігін бекемдеп, бейбітшілік пен келісімнің символы болып қала бермек.
Мәдени ұйымдастырушы А.Мукатаева