Астана – еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің айшықты белгісі. Астана – жылдан жылға көркейіп, заманауи келбетке ие болып келе жатқан, жастарға білім мен шығармашылыққа жол ашатын ерекше қала. Осыған орай қызмет алушылардың Астана туралы білімдерін кеңейту, отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыру және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында «Астана – арман қала» атты топтар арасында апталық ұйымдастырылды.
Апталық барысында қызмет алушылар Астананың тарихы, сәулеті, мәдениеті мен көрікті жерлері туралы түсінік алды. Шаралар барысында елорданың символына айналған Бәйтерек, Ақорда, Хан Шатыр, Бейбітшілік және келісім сарайы сияқты көрікті орындар туралы мағлұматтар берілді.
Әр топ өз жұмыстарын таныстырып, Астана туралы тапсырмалар беріп, қызмет алушылардың қиялын дамытып, туған елге деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. Астананың тарихы мен мәдениеті, көрікті жерлері туралы мүмкіндігіне қарай сұрақтарға жауап берді. Қатысушылар белсенділік танытып, ұйымшылдық пен тапқырлықтарын көрсетті.
Астана – тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін айшықтайтын, армандар мен жаңа мүмкіндіктер тоғысқан қала. Сондықтан елордамызды мақтан тұту, оның дамуына үлес қосу – әрбір азаматтың ортақ міндеті.