Абай облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы “Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы” КММ
«Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» 2011 жылы ашылды. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Жамбыл» қорының негізін салушы қоғам қайраткері Нұрлан Қаппаров пен «Temco Energy Group» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Әмір Уәлиев сынды азаматтар демеушілік көрсетті. Жоба идеясының рух берушісі Еуропарламент депутаты Струан Стивенсон. Мекеме жарғы негізінде жұмыс атқарады және мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сәйкес 8-түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
1. Әлеуметтік-тұрмыстық қызмет. Балаларды өмірге даярлау, өздеріне тұрмыстық қызмет көрсете алатындай дағдыға үйрету. Мекеме балалардың үй жағдайындағыдай тұруына, білім алуына, емдік шараларын алуына толықтай жағдай жасалып, Сан-ПИН талабына сай жабдықталған. Арнайы бөлмелер жиһазбен, арнаулы құралдармен қамтамасыз етілген. Балаларды тасымалдау үшін 2 автокөлік жұмыс атқарады. 5-мезгіл жоғарғы каллориялы тамақ, күнделікті емдік ас қымыз, шұбат, айран, жеміс-жидектер мен көкөністерден салат, балық өнімдері беріледі. Балаларды әлеуметтік бейімдеу мақсатында әлеуметтік-тұрмыстық бағытта жоспар бойынша сабақтар өткізіледі.
2. Әлеуметтік-медициналық қызмет. Аталған қызметті жүзеге асыру мақсатында: бала денсаулығын нығайту, оңалту жұмыстарында баланың психо-физиологиялық ерекшелігін есепке алады. Медицина саласында бала дәрігері, реабилитолог және психиатр дәрігерлері мен орта буын медицина қызметкерлері күнделікті бала денсаулығын қадағалап, бақылау жүргізеді. ЕДШ мамандары жеке жұмыс жоспарына сәйкес тірек-қозғалу аппараты функцияларында түрлі бұзылушылықтары бар балаларды сауықтыру мақсатында түзету жұмыстарын жүргізеді. Дәрігерлердің тағайындаулары бойынша мекемеде келесі медициналық ем-шаралары жасалады: массаж, ЕДШ, физио емдеу, дәрумендер терапиясы, аурудың алдын-алу т.б.
Жыл сайын аудандық аурухана дәрігерлерінің (стоматолог, окулист- отолоринголог, дерматолог және психиатрдың) қатысуымен медициналық тексеріліс өткізіледі.
3. Әлеуметтік-психологиялық қызмет. Мекемеде балалардың психологиялық хал-ахуалын анықтайтын, тексеру диагностикасын жүргізетін, бақылайтын, балаларға релаксакция жүргізетін арнайы психолог маманы жұмыс істейді. Өз қызметінде психолог ата-аналармен, мамандармен, мүмкіндігі шектеулі балалармен топтық және жекеше жұмыстар жүргізеді. (Анкета, сауалнамалар, психологиялық тренингтер, кеңестер т.б) Психологиялық тексеруге қажетті дидактикалық құралдармен жабдықталған арнайы сенсорлық кабинет жұмыс істейді.
4. Әлеуметтік-педагогикалық – қызмет. Аталған қызмет түрін жүзеге асыру мақсатында ақыл-есінің дәрежесі, психо-физиологиялық мүмкіндігі, жас ерекшелігі, ескеріліп мұндағы балалар 6-топқа бөлінген. Педагогикалық қызмет түрін 6-дефектолог, 12-тәрбиеші, логопед, музыка маманы, дене шынықтыру маманы құрайды. Стандарт бойынша қабылданған бала 14 күн бақылауға алынып, топтық бағалаудан өткізіліп, бала бойындағы тіл кемістігі, ойлау қабілеті, есте сақтау қабілеті, зейін аудару т.б кемшіліктерін түзетуге бағытталған 1-жылға жеке жұмыс жоспары құрылады. Логопед арнайы жабдықталған кабинетте логопедиялық тренажер, айна, сылау зондтары мен дыбыс қою зондтардың көмегімен түзету жұмыстарын жүргізеді. Сөздік қорын дамытып, жеке және топтық үлгіде жұмыс атқарады. Орталық әдіскері үнемі балалардың білім алуы мен түзету жұмыстарын қатаң қадағалайды. Әлеуметтік–педагогикалық түзету мақсатында әр топта (ашық сабақтар, тәрбие сағаттары, ертегілік қойылымдар) көрсетіледі. Әр тоқсан аяғында жеке жұмыс жоспарына қорытынды жүргізіліп мониторинг сараптамасы жүргізіледі. Мектеп бағдарламасы бойынша барлығы 30 бала Үржар ауданының орта мектептерінде білім алады.
5. Әлеуметтік-еңбек қызметі. Балаларды еңбекке баулу мақсатында мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік-еңбек түрінен арнайы қызмет көрсетіледі. Еңбек кабинеттері заман талабына сай арнайы қажетті құралдармен жабдықталған. Қызмет алушыларға тігін тігу, тоқыма тоқу, бисермен жұмыс, табиғи материалдармен т.б. жұмыс түрлері жүргізіледі. Еңбек нұсқаушылары балаларды еңбекке бейімдеп,түрлі шығармашылық байқауларға қатыстыруда. Балалардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары Республикалық «Жұлдызай» т.б. фестивалдер көрмесіне ұсынылып, жүлделі орындарды сан мәрте иеленді.
6. Әлеуметтік-мәдени қызмет. Мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға ерекше әсер етеді. Жыл басында мәдени іс-шаралар мен балаларды сауықтыру, атаулы мерекелерді өткізу, балалардың қабілет-дарындарын ашу мақсатында арнайы жоспар құрылады. Әлеуметтік-мәдени іс-шаралар қызмет алушыларды орталықтың қоғамдық өміріне қатыстыру мақсатында жүргізіледі, бұл олардың әлеуметтік және коммуникациялық қарым-қатынастарын жақсартады, рухани және әлеуметтік-мәдени сұраныстарын қанағаттандырып, жалпы танымдық ой-өрісін кеңейтіп, олардың шығармашылық белсенділігін арттырады. Қызмет алушылар арасында салауатты өмір салты кеңінен насихатталады. Бұның бәрі жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыруға өз әсерін тигізеді. Бірлесіп өткізілетін іс-шаралар өзара қарым-қатынаста бірлік, ынтымақ, сыйластық пен бір-біріне деген сенімділік пен сүйіспеншілігін арттырады. Қызмет алушылардың арасында кездесулер, дөңгелек үстелдер, зияткерлік ойындар жүйелі түрде өткізіліп тұрады, сонымен қатар мұражайға, көрмеге, саябаққа, табиғат аясына саяхаттап барып тұрады. Біздің спортшыларымыз - арбада отырып билеу жарысының чемпиондары, сонымен қатар халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық турнирлерге қатысып, чемпион атағына ие болғандар.
Ауданымызда алғаш рет паралимпиадалық спорт түрі-боччадан іріктеу жарысы өтті. Додаға 19 спортшы өз ата анасымен қатысты. Ойынды бочча жаттықтырушылары Габитов Д. Қ. және Манабаев Б.Е. жүргізді. Жарыстың өтуіне «Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ бойынша бочча секциясының ашылуы себеп болды. Бұл игі бастамаға «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасын іске асыру шеңберінде Улжекова Назгуль Туленовна басшылық жасап отырған «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры қолдау көрсетіп , демеушілік жасап келеді.
7. Әлеуметтік-экономикалық қызмет бойынша орталықта келесі жұмыстар жүргізіліп, балалардың өмір сүру деңгейлерін түзетуге бағытталды. «Мектепке жол» акциясы аясында «Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ қызмет алушыларына демеушілер атынан сыйлықтар берілді (сабаққа арналған сөмкелер, оқу құрал жабдықтары). Қызмет алушыларға әлеуметтік көмек, рухани көмек көрсету мақсатында аудандық мекемелердің келісімі бойынша 6 топқа 6 мекеме бекітілген. Осы аталған демеушілермен бірігіп жасалып жатқан жұмыстар орталықтың әлеуметтік желісінде үнемі жариялануда.
Жыл сайын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қызмет алушыларымыздың көңілдеріне жаңа жылдық қуаныш сыйлап, тәтті сыйлықтармен демеушілік көрсетіліп отырады.
8. Әлеуметтік-құқықтық қызмет. Бұл қызмет түрін арнайы заңгер маманы жүргізеді. Ата-аналармен ересек балаларға, мамандарға құқықтық кеңестер береді. Жәрдемақыларын алуға, құжаттарын дұрыс толтыруға көмектеседі. Мемлекеттік сатып-алу бойынша басқа мекемелермен жүргізілген келісім-шартты қадағалайды. Сонымен қатар стандартқа сәйкес әлеуметтік қызмет көрету сапасын талапқа сай жүргізу мақсатында арнайы білімі бар, білім жетілдіру курстарынан жүйелі түрде өткен кәсіби мамандар еңбек етеді. Қызметке алынған балалардың жас мөлшері 3-18 жас.
Орталықтың мақсаты: жоғары білікті, көпсалалы, кешенді сауықтыру шараларын ұйымдастыру арқылы денсаулықтарын оңалтуға қажетті жағдай жасау болып табылады. Орталық қызметкерлерінің түзету жұмыстарының нәтижелі жүргізілуінің арқасында 5 бала толық оңалтудан өтіп, мүгедектігі алынды. Жобалық қуаты – 56 төсек-орынға арналған. 2011 жылдың қаңтар айынан бастап орталықта 210 бала арнаулы әлеуметтік қызмет алды. Оның ішінде 12 қызмет алушы арнаулы кәсіптік колледждерге, 1 қызмет алушы жоғарғы оқу орнына түсіп, 10 қызмет алушы дипломдарға ие болды.